ӨМІР ДЕГЕН ОСЫНДАЙ ТУЫСТАР☝
Өмір деген- ұлы сапар осынау,
Қиындықтар кезіксе де жасымау.
Өмір деген- қарап жүрмей досым-ау,
Жұмыс жасау, жанұяңды асырау.
Өмір деген- міне солай жан бағу,
Әр қызыққа тамсану да, таң қалу.
Өмір деген- өкініш пен қуаныш,
Өмір деген- алдау және алдану.
Өмір деген- өз-өзіңді басқару,
Басқара алмай кейде шалқып мастану.
Өмір деген- баю, тою, шірену,
Өмір деген- тиын санау, аш қалу.
Өмір деген- жалындыру, жалыну,
Өмір деген- сырқаттану, сауығу.
Өмір деген- күнә жасап, артынан
Тәубаға кеп заңдылыққа бағыну.
Өмір деген- жыл қарсы алып, жас қосу,
Танымайтын біреулермен достасу.
Өмір деген- бір адамды қарсы алып,
Бір адаммен мәңгілікке қоштасу.
Өмір деген мақталу да, датталу,
Жан досыңа бар сырыңды ақтару.
Өмір деген- күн артынан күн өту,
Бірде жылап, енді бірде шаттану.
Өмір деген- азу, тозу, семіру,
Жастық өтіп қартыққа да жеңілу.
Өмір деген- сағыну һәм ұмыту,
Өмір деген- ғашық болу, жеріну.
Өмір деген- арғы жақты сөз қылу,
Өз-өзіңе риза болу, жазғыру.
Туған күнді тойлай жүріп бір күні,
Өмір деген - аңдаусызда көз жұму.
Біздің мекен- бағзы өлке, ескі алаң,
Кімдер сірә, табанымен баспаған.
Жердің жүзін билегісі келсе де,
Мәңгілікке ешкім есік ашпаған.
Міне сондай, мен қозғаған ой мынау,
Өмір деген- тек тіршілік жайлы дау.
Қойшы досым, адамбыз ғой бастысы,
Жоқ болғанда қайтер едік деймін-ау...
Авт мен емес